ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында қатты жел аудандық аурухананың шатырын жұлып түсірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, оқиға 14 қаңтар күні сағат 18.0-де Қаратөбе ауданы орталығы Қаратөбе ауылында болды.
Ұйтқи соққан жел салдарынан аудандық орталық аурухананың жедел жәрдем корпусының шатыры сыпырылып түсті. Оның аумағы 220 шаршы метрді құрады.
Ғимараттың жалпы ауданы – 1375 шаршы метр. 1998 жылы пайдалануға берілген ғимараттың 2008 жылы шатыры жөнделген.
Сондай-ақ осы күні сағат 19.00-де Қаратөбе ауданы Қаракөл ауылдық округі Алакөл ауылында медициналық пункттің жылыту қазандығының шатыры (20 шаршы метр) ұшып
кетті. Бұл ғимарат 2018 жылы іске қосылған.
Екі оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ.
Оқиға орнында арнайы комиссия жұмыс істеуде.
БҚО ТЖ департаменті тұрғындарға ескерту жарияланған күндері мейлінше сақ болу керектігін еске салады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын осы Қаратөбе ауданында күшті желдің мектептің шатырын жұлып әкеткенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).