Батыс Қазақстанда қатты жел ғимараттың шатырын жұлып әкетті

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында қатты жел ғимараттың шатырын жұлып әкетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, оқиға 2 маусым күні сағат 22.07-де Жаңақала ауданы Жаңақала ауылында болды.

Жылдамдығы секундына 22 метрге дейін жеткен қатты жел аудандық Қорғаныс істері жөніндегі бөлім орналасқан бір қабатты ғимараттың шатырын жұлып әкетті. Аумағы – 160 шаршы метр.

Жалпы ауданы 160 шаршы метр ғимарат 1985 жылы салынып, 2007 жылы соңғы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Оқыс оқиғадан ешкім з ардап шеккен жоқ.

Қазіргі кезде келтірілген шығын анықталып жатыр.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда найзағай түсіп, мал қорасы мен 125 тонна пішен жанып кеткенін жазған болатынбыз. Сондай-ақ гараж бен автокөлік жанып кетті.