ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында көктайғаққа байланысты тағы да жолдар жабылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«ҚазАвтоЖол» компаниясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының мәліметі бойынша жергілікті сағат 19.40-тан бастап ауа райының нашарлауына байланысты (жаңбыр, көктайғақ) республикалық Орал-Атырау (375-492 км, Оралдан Чапаевқа дейін), Орал-Тасқала-РФ шекарасы (4-104 км, Оралдан Ресей шекарасына дейін) жолдары барлық көлік түрлері үшін жабылды.
Сондай-ақ республикалық Самара-Шымкент (393-526 км, Жымпиты ауылынан Ақтөбе облысына дейін) жолы да жабық.
Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне БҚО ТЖ департаменті хабарлады.
Қазіргі уақытта Орал қаласында да жаңбыр жауып тұр, жер көктайғақ.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда көктайғаққа байланысты республикалық жолдар жабылғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).