Батыс Қазақстанда көктемгі егіс жұмыстарына 600 млн теңге бөлінді

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында биыл барлық егіс көлемі 482,1 мың гектарды құрамақ.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалында БҚО ауыл шаруашылығы басқармасы егін шаруашылығы бөлімінің басшысы Денис Омашев мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Оның айтуынша, дәнді дақылдар егістігі 253 мың гектар болмақ, бұл өткен жылғыдан (215,6 мың га) 14,7 пайызға артық. Соның ішінде 72 мың га алқапқа күздік дәнді дақылдар егілген болатын. 181 мың гектарға жаздық дәнді дақылдар себілмек. Майлы дақылдар 52 мың га, соның ішінде күнбағыс 40 мың гектарға егілмек. 9 мың гектарға картоп және көкөніс, бау-бақша дақылдары отырғызылмақ. Мал азықтық дақылдар егістігі 168 мың гектарға жетпек.

Облыс тұқыммен толық қамтылған. Жаздық дәнді дақылдар тұқымы жоспардағы 19,8 мыңның орнына 24,8 мың тонна болып (124,9 пайыз) дайындалды. Сондай-ақ майлы дақылдар тұқымы 21,7 пайызға (460-тың орнына 560 тонна), мал азықтық дақылдар тұқымы 20,5 пайызға (782-нің орнына 942 тонна) артығымен әзірленді. 11,7 мың тонна тұқымдық картоп та толығымен жетеді.

Көктемгі-далалық жұмыстарға 4173 трактор, 4965 тұқымсепкіш, 793 қопсытқыш және 46 егу кешені қатыстырылмақ. Қазірді өзінде  тракторлардың 92, тұқымсепкіштердің 94, қопсытқыштардың 96 пайызы дайын.

Егіске қажетті 12 мың тонна дизель отынын оператор «ҚазМұнайГаз өнімдері» ЖШС жеткізетін болады. Сәуір айында 1 литр дизель отынының бағасы 122 теңгеден берілмек.

«Көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыруға «Кең дала» бағдарламасы арқылы 600 млн. теңге (6 пайыздық мөлшерлемемен) қаралған. Қаржы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ БҚО филиалының аудандық несие серіктестіктері арқылы беріледі. Ең бастысы, көктемнің әр күні жылға азық, деген, уақыт өткізбей, барлық жұмысты мезгілінде атқару керек», деді Д.Омашев.