ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында жол апатынан екі жігіт қаза тауып, тағы төртеуі зардап шекті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, 15 қаңтар күні сағат 23.00-ден кете Ақжайық ауданы Қарауылтөбе ауылы маңында «Нива Шевроле» автокөлігі аударылған.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың айтуынша, жедел жәрдемге сағат 23.20-да қоңырау шалынған.
«Зардап шеккендердің барлығы – 2001 жылғы жастар. Оның екеуі оқиға орнында көз жұмды. Екеуі ауруханаға барудан бас тартты. Қалған екеуі Ақжайық аудандық ауруханасына жеткізілді. Дәрігерлер қарағаннан кейін денесі көгерген біреуі амбулаторлық бақылауға жіберілді. Жабық бас-ми жарақатын алып, миы шайқалған екіншісі ауруханаға жатқызылды», - деді А.Сақпосынова.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).