ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында соңғы аптада (20-26 қыркүйек) 462 адамнан коронавирус анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, бұл - алдыңғы аптадағыдан (13-19 қыркүйек - 593) 22,09 пайызға кем.
Облыс бойынша 1 қыркүйектен бері 2252 адамның індет жұқтырғаны белгілі болды.
Соның 1225-і немесе 54 пайызы ЖРВИ белгілері бойынша, 555-і (25 пайыз) профилактикалық мақсатта тексерілген. 456-сы (20 пайыз) бұрын ауырғандармен байланыста болса, 16-сынан (1 пайыз) стационарға жатқызар алдында сынама алынған.
Департамент мәліметі бойынша соңғы төрт күнде 269 адамнан коронавирус табылды. Мұның 124-і Орал қаласы, 62-сі Бәйтерек, 29-ы Бөрлі ауданының үлесіне тиеді.
Пандемия басталғаннан бері өңірде барлығы 37 255 науқас тіркеліп, соның 29 528-і жазылып шықты. 756-сы көз жұмды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да коронавируспен күрес шараларына 4,2 млрд теңге бөлінгенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).