ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында коронавирус жұқтырғандардың 55 пайыздан астамы Орал қаласында тіркеліп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, жыл басынан бері өңірде 14373 адамнан індет табылды.
Ауырғандардың 55,7 пайызы (8008) Орал қаласында, 14,3 пайызы (2063) Бәйтерек, 11,1 пайызы (1603) Бөрлі ауданында анықталған.
Соңғы аптада алдыңғымен салыстырғанда, ауру жұқтыру көрсеткіші 7,7 пайызға (44 науқасқа) төмендеді.
Басқарма мәліметіне қарағанда, облыста 1123 төсектік 18 инфекциялық стационарда 416 науқас емделуде. Соның ішінде Орал қаласында 600 төсектік 5 ауруханада 356 адам жатыр. 30 науқас жансақтау бөлімінде.
Өңірде 77486 адам коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші, 36395-і екінші компонентін салдырды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда соңғы төрт күнде 300-ге жуық адамнан коронавирус анықталғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).