Батыс Қазақстанда коронавирус жұқтыру көрсеткіші 5,2 пайызға кеміді

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында соңғы аптада коронавирус жұқтыру көрсеткіші алдыңғымен салыстырғанда, 5,2 пайызға (3 науқасқа) кеміді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО денсаулық сақтау басқармасы мәлім еткеніндей, соңғы тәулікте 6 адамнан коронавирус табылса, 14 науқас жазылып шығып, үйіне оралды.

Өңірде пандемия басталғаннан бері 40 064, соның ішінде биыл 30 843 адам індет жұқтырды.

Облыста COVID-19 диагностикасы бойынша 13 зертхана жұмыс жасайды. Соңғы тәулікте 795 зерттеу жүргізілді.

Күні бүгін амбулаторлық ем алып жатқан 286 адамның 76 пайызында ауру жеңіл өтуде. 4 пайызының жағдайы орташа. 20 пайызы – симптомы жоқтар.

Облыста 504 төсектік 9 инфекциялық стационар тек 8,9 пайызға толған. Қазір ауруханалардағы 45 науқастың 9-ы жансақтау бөлімшесінде. Бұлардың үшеуі инвазивті емес жасанды тыныс алу аппаратына, алтауы оттегі концентраторына қосылған.

Жыл басынан бері 685, соның ішінде соңғы аптада 7 адам коронавирустан көз жұмды.

Басқармадан түскен мәліметке қарағанда, вакцинация басталғаннан бері 255 708 адам (егілуге тиісті тұрғындардың 61,6 пайызы) бірінші, 242 382-сі (58,5 пайызы) екінші компонентпен егілді.

Облыс бойынша 15 311 адам ревакцинациядан өтті. Сондай-ақ Pfizer вакцинасын қабылдаған 5 223 адамның 2 902-сі – жасөспірімдер, 162-сі – жүкті, 2 159-ы – бала емізетін әйелдер.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 5100-ден астам адамның Pfizer вакцинасымен егілгенін жазған болатынбыз.