ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында коронавирустың таралуының алдын алу және жол бермеу шараларына биыл 4,2 млрд теңге бөлінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО әкімінің орынбасары Айдар Нұралиевтің Орталық коммуникациялар қызметі ақпараттық алаңында мәлім еткеніндей, сонымен қатар ҚР Үкіметінің резервінен вакциналарды сатып алуға 3,4 млрд жуық теңге берілді.
Оған қоса облыстың жергілікті атқарушы органының резервінен вакциналарды сақтау үшін мұздатқыш камералар мен термоконтейнерлер сатып алуға, медициналық ұйымдарды оттегі станциялармен қамтамасыз етуге, тамақпен, қонақүймен қамтуға, медицина қызметкерлерін тасымалдауға 478,1 млн теңге жұмсалды.
Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жабдықтар сатып алуға жергілікті бюджеттен 316,6 млн теңге қаралды.
Жыл басынан бері 27 849 адам коронавирус жұқтырса, соның 22 350-і жазылып шықты. 582 науқас көз жұмды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да 95 жастағы соғыс ардагерінің вакцина қабылдағанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).