ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін Батыс Қазақстан облысының барлық мешіттерінде айт намазы оқылып, мереке басталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Орал қаласындағы орталық мешітке келгендерді ҚМДБ-ның Батыс Қазақстан облысы бойынша өкіл имамы Руслан қажы Сұлтанов құттықтап, игі тілегін білдірді.
Биыл Құрбан айтқа байланысты әзірлік-түсінік жұмыстары жүргізіліп, Орал қаласында қасапшыларға арналған семинар, ветеринарлық-санитарлық талаптарға сай келетін бес мал сою пункті («Ел ырысы» базарының аумағы, «Кублей» ЖШС, «Уральские колбасы» ЖШС, «Құспанов С.К» ЖК, «Батыс Адал ет» ЖШС) ұйымдастырылды. Қазіргі кезде қалада тоқтылар 18-20 мың теңгеден сатылуда. Қой 35 мың теңгеге дейін барады. Қасапшы қойды сойып, жіліктеп бергені үшін 2 мың теңге алады. Ірі қараның бағасы 200 мың теңгенің төңірегінде.
Өңірде Құрбан айтқа байланысты қайырымдылық, мәдени-спорттық шаралар да өтуде.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).