ОРАЛ. 15 қазан. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында Құрбан айт мейрамы кеңінен аталып өтілуде.
15 қазан күні Оралдағы орталық мешітке халық көп жиналды. Жұртшылықты облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Шәпкенов Құрбан айтпен құттықтап, облыс басшылығы атынан ізгі тілегін жеткізді. ҚМДБ-ның БҚО бойынша өкіл имамы Руслан Сұлтанов айт намазына жиналған жамағатқа уағыз оқып, мұсылмандардың басты мейрамының мән-маңызына тоқталды.
Айт намазынан кейін құрбан шалу басталды. Биыл құрбан шалу Оралда төрт жерде, орталық, қалалық және Қызыл мешітте, сондай-ақ «Ел ырысы» базарында ұйымдастырылды. Қойды әр отбасы, сол секілді ірі малды бірігіп шалып жатқандар бар.
Құрбан айт мейрамы аудандарда да кеңінен тойлануда. Мереке үш күнге ұласпақ.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).