ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында күшті жел балабақшаның шатырын жұлып түсірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 9 шілде күні кешке қарай Казталов ауданы Қошанкөл ауылында болды.
«Сағат 17.45-те екпіні секундына 16 метрге дейін жеткен қатты жел қос қабатты «Қарлығаш» балабақша ғимаратының 320 шаршы метр шатырын ұшырып әкеткен. Бұл туралы сағат 18.50-де хабар түскен. 1984 жылы салынған ғимараттың жалпы ауданы – 381 шаршы метр. Зардап шеккендер жоқ. Арнайы комиссия құрылып, келтірілген шығын анықталу үстінде», - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда жер өртеніп жатқанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).