БҚО полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Мақсұтхан Аблазимовтың атап өткеніндей, жалпы өңірдегі жедел жағдай мен қоғамдық-саяси ахуал тұрақты.
Оның сөзіне қарағанда, биыл ішкі істер органдарының қызметін бағалау кезінде негізгі өлшем болып табылатын ауыр және аса ауыр қылмыстарды ашу көрсеткіші артты.
Жалпы, қылмыстың барлық түрлері бойынша оларды ашу пайызының өскені байқалады.
«Мемлекет басшысының Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында берген тапсырмасына сәйкес мал ұрлығына қарсы жұмыстар атқарылуда. Мақсатты жедел іздестіру іс-шаралары барысында мал ұрлығымен айналысқан 9 қылмыстық топтың әрекеті әшкереленді. Сонымен қатар есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл нәтижесінде 82 кг астам есірткі заты тәркіленді», деді М.Аблазимов.
Сондай-ақ Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында айтылған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында облыста қазан айынан бастап облыс аумағында полиция жұмысының сервистік моделін енгізу бағытында пилоттық жоба жүзеге асырылуда.
Кеңес соңында департамент алдына жедел-қызметтік жұмыстың көрсеткішін жақсарту және халықтың полицияға деген сенімін арттыру бағытында нақты міндеттер қойылды.