Бұл туралы бүгін ҚР Ауыл шауашылығы министрлігінде өткен баспасөз мәслихатында мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Агроөнеркәсіп кешеніндегі Мемлекеттік инспекция комитеті төрағасының орынбасары Ахметжан Сұлтановтың айтуынша, мамырдың 19-ында алғаш рет Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданының Борсы, Жақсыбай ауылдық окуругтері аумағында 200-ге тарта киіктің өлгені тіркелген. Мамырдың 20-сында бұл оқиға бойынша арнайы комиссия құрылып, сол күндері 1 мың 200-ге тарта киіктің қырылғаны анықталды.
«Клиникалық зерттеулерде киіктер өлімінің алғашқы белгілері ретінде олардың іштері кеуіп кеткені, ал ауыздарынан жасыл көбік аққаны анықталды. Өлекселерді зерттеу барысында олардың пастреллез ауруына шалдыққаны анықталып отыр. Бүгінгі, мамырдың 24-індегі мәлімет бойынша, қырылған киіктердің саны 3 мың 271 басты құрады және киіктердің қырылуы тек шектеулі аумақтарда ғана орын алғаны белгілі болды. Осыған орай жергілікті атқарушы органдар пастреллез ауруына байланысты бірқатар шектеулер қойып отыр. Қазіргі таңда киіктің өліктерін жинап, оларды жою, дезинфекциялау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен бір мезгілде, Жәнібек ауданындағы Борсы, Жақсыбай ауылдық округтерінде үй жануарларын вакцинациялау шаралары да қолға алынуда. Киіктер қырылған маңдағы топырақтар, сулардан, шөптен сынама үлгілері алынып, бұлар диагнозды нақтылау үшін облыстық зертханаға жөнелтілді», деді А. Сұлтанов.
Естеріңізге сала кетейік, қазіргі таңда Қазақстанда мекен еткен киіктердің саны 90 мыңға жетіп отыр. Жалпы, елімізде киіктердің үш түрі мекен ететін болса, Батыс Қазақстан облысындағы қырылған киіктер «оралдық» түрге жатады. Олардың бұл аумақтағы саны осы уақытқа дейін 26 мың 600 болған.