ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында қызметтік көліктер таксиге айналмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО әкімі Ғали Есқалиевтің Facebook-тегі парақшасында мәлім еткеніндей, «Ақжайық» ӘКК» АҚ алматылық компаниялардың бірімен бірлескен кәсіпорын құру жөнінде келісімге келген.
«БҚО әкімдігі өзінің қызметтік көліктерін бірлескен кәсіпорынға береді. Ал жеке инвестор жаңа автокөліктер сатып алып, такси есебінде жоғары қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді. Мемлекет алдағы уақытта автокөлік сатып алудан бас тартып, қаржы үнемдейді. Көліктің шығындарынан гөрі автокөлікті жалға алу арзанға түседі деп ойлаймын. Қалада жаңа таксилер қызмет көрсетеді. Осылайша Қазақстан Президентінің қызметтік көліктерге кететін шығынды азайту жөніндегі тапсырмасы орындалады», деп жазды өңір басшысы.
Облыс әкімі бұдан бұрын да қазіргі заманғы такси қызметі пайда болса, көптеген жеке компаниялар да қызметтік автокөліктерінен бас тарта алатыны туралы жазған еді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).