Батыс Қазақстанда лауазымды қызметкерлерге қатысты бірнеше қылмыстық іс қозғалды

None
ОРАЛ. Қаңтардың 27-сі. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында лауазымды қызметкерлерге қатысты бірнеше қылмыстық іс қозғалды.
Облыстық экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің баспасөз қызметінен ҚазАқпарат тілшісіне хабарлағанындай, Орал қаласы құрылыс бөлімінің лауазымды тұлғалары өз қызметтерін асыра пайдаланып, мемлекеттік бюджеттен үй құрылысына бөлінген қаржыдан әлі орындалмаған жұмыс көлемі үшін мердігер «АстанаЭлитСтрой» ЖШС есепшотына 30 млн. теңгені «жомарттықпен» аударып жіберген. Сөйтіп, олар мемлекетке 4,7 млн. теңге шамасында залал келтірген. Ал қала әкімдігінде қызмет істейтін әйел адам азаматтарға жер телімін алып беремін деп алдап, ірі көлемдегі ақшаны иемденіп кеткен. Сондай-ақ облыс аудандарының біріндегі «Орман және жануарлар әлемін сақтау жөніндегі мемлекеттік мекеме» директорының орынбасары өзінің бас пайдасы үшін «ЖанАсҚұрылыс» ЖШС-ға оның қызметкерлерінің ағаш дайындау жұмыстары бойынша дайындық курсынан өткенін растап, жалған анықтама берген.