Батыс Қазақстанда мемлекеттік тәртіпті нығайтуға, сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуге бағытталған семинар ұйымдастырылды
11:53, 18 Ақпан 2009
ОРАЛ. Ақпанның 18-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігі БҚО бойынша басқармасы мен облыстық тәртіптік кеңес Тасқала ауданында мемлекеттік тәртіпті нығайтуға, сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуге және мемлекеттік қызметшілердің Ар-намыс кодексін сақтауға арналған семинар-кеңес өткізді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Басқарма бастығы, тәртіптік кеңес төрағасы Әкімгерей Серғалин өткен жыл қорытындылары мен алда тұрған міндеттерге тоқталып, бұл орайда мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар және БАҚ өкілдерімен тығыз байланыстың қажеттігін атап өтті. Ол сондай-ақ мемқызметшілердің сауалдарына жауап беріп, азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Облыстық тәртіптік кеңес мүшесі Серік Тұрсынов, «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының өкілі Самат Оспанов, аудан әкімі Өтеміс Мырзағалиев қатысқан семинар-кеңесте баяндамалар жасалып, мемлекеттік тәртіпті нығайту ортақ борыш екендігі атап көрсетілді.