Батыс Қазақстанда мұздақ салдарынан 20 киік қырылды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында топырақ бетіне мұздың қатуы салдарынан киіктер шығынға ұшырады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Қайрат Қадешевтің айтуынша, барлығы 20 киік өлген, соның 7-еуі - Ақжайық, 7 - Бөкей ордасы және 6 - Жаңақала аудандарында. Олардың барлығы былтырғы төлдер. 

Ақжайық ауданында 21-22 наурыз күндері жаңбыр жауып, соңы мұздаққа ұласты. Соның салдарынан аудан орталығы Чапаев ауылы маңында жүрген киіктер шөп жей алмай, қиындық туындаған. Ақжайық ауданы әкімдігімен бірлесе отырып, трактордың көмегімен киіктер шөпке жететіндей жағдай жасалды.

«Шөп салып көріп едік, киіктер оған жоламады. Сосын қамысқа дейін жол салынды. Қазір киіктер қамыстың арасында, жылқылармен бірге тебіндеп жүр. Жануарларды сол маңдағы қос бірдей аңшылық шаруашылығы бақылауда. Жалпы, облыста 100 мыңның үстінде киік бар, олардың негізгі бөлігі қазір Қазталов, Жаңақала және Бөкей ордасы аудандарында жүр. Киіктер негізінен сордың іргесінде жайылғанды жақсы көреді. Ақжайықта бөлек жүрген бір тобы ғана», - деді «ҚазАқпарат» тілшісіне Қ.Қадешев. 

фото:zhaikpress.kz