Облыстық білім басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, бұл мақсатқа 195 млн. теңге қарастырылмақ. Соның ішінде 154,9 млн. теңге қазынадан бөлінетін болса, 40,1 млн. теңге - бюджеттен тыс қаражат. Жазғы демалысты ұйымдастыруға жалпы білім беру қорынан 71 млн. теңге беріледі. Ата-аналардың үлесі - 20,6 млн. теңге, 19,5 млн. теңге демеушілер есебінен.
Өңірдегі «Еуразия», «Дарын», «Атамекен» сынды ең ірі үш лагерінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілсе, 60 орындық «Самал» сауықтыру лагері жаңадан ашылмақ. Облыстағы стационарлық лагерьлер саны 15-ке жетіп, 7 мыңға жуық оқушыны қамтымақ. Мектептер жанындағы лагерьлерге оқушылардың 40 пайызға жуығы бармақ. Сондай-ақ шатырлы лагерьлер 30-ға жетіп, 6 мыңға тарта оқушыны демалдырмақ. Туризм орталықтарында 9 мыңнан астам жеткіншек түрлі шараларға қатыспақ.
Оқушылар алдағы жазда Астанаға, Ақ Жайық өңірінің тарихи жерлеріне, Оңтүстік Қазақстан, Атырау (Сарайшық) облыстарына, Ресей Федерациясы қалаларына сапар шегеді.