ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында Орал-Атырау жолы жабылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ БҚО филиалының мәліметі бойынша республикалық маңызы бар аталмыш жолда күшті боранға байланысты 22 желтоқсан күні жергілікті сағат 23.00-ден бастап барлық көлік түрлері үшін қозғалысқа шектеу қойылды.
Жол Орал қаласынан Ақжайық ауданы орталығы Чапаев ауылына дейінгі аралықта жабылды.
Осыған орай БҚО ТЖ департаменті ескерту жариялап, хабарламалар таратуда.
ТЖ департаменті сондай-ақ 23 желтоқсан күні түнде өңірдің солтүстігі мен солтүстік-шығысында жаяу бұрқасын көтерілетінін жеткізді. Солтүстік-батыстан, батыстан соғатын желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге жетуі ықтимал.
Орал қаласында да осындай ауа райы орын алмақшы.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда республикалық жол жабылғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).