БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, Бәйтерек ауданы Трекин және Володар ауылдары арасында Январцев орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемесі аумағында өрт шықты.
Шамамен 8 гектар алқапта құрғақ шөп және 5 гектар орман отқа оранды.
Бүгін де өңірде күн өте ыстық, температура тілі 35 градусты көрсетіп тұр.
Оқиға орнынан 10 адам құтқарылды, бұлардың 9-ы - балалар.Олар Жайық өзенінде қайықпен жүзіп жүрген.
Қазіргі кезде өртті сөндіруге ТЖ департаменті (22 қызметкер, 5 техника), орман шаруашылығы мекемесі (5 қызметкер, 2 техника), ерікті өрт сөндіру құрылымы (5 қызметкер, 2 техника) жұмылдырылған.
Сағат 17.20-да өрт Жайық өзені арқылы Теректі ауданы Ақсуат ауылдық округіне ауысты. Мұнда шамамен 5 гектар құрғақ шөп пен 3 гектар орман өртеніп жатыр.
БҚО ТЖ департаментінде жедел штаб жұмыс жасап жатыр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да 9 үйдің қора-қопсысы өртеніп, қысқа әзірленген 64 тонна шөптің тек күлі ғана қалды.