ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында 14 қыркүйек - 14 қазан аралығында өрт қауіпсіздігі айлығы өтуде.
БҚО ТЖ департаменті мемлекеттік өрт бақылау бөлімінің аға инженері, өртке қарсы қызмет майоры Ольга Протопопованың айтуынша, айлықты өткізуге мемлекеттік өрт бақылау инспекторлары, барлық өрт сөндіру бөлімдері, азаматтық қорғаныс басқармасы, полиция қызметкерлері және пәтер иелерінің кооперативтері жұмылдырылған. Жауапты тұлғалар мекенжайларды аралап, өрттің алдын алу бағытында түсінік жұмыстарын жүргізуде. Әсіресе, маскүнемдікке салынған, жалғызілікті адамдар, мүгедектер, көп балалы және аз қамтылған отбасылар тұратын үйлерге ерекше көңіл бөлінуде.
Айта кетейік, биылғы сегіз айда өңірде тұрғын үйде 340 өрт орын алды, бұл - жалпы өрт санының 70 пайызы. Соның салдарынан 4 адам қаза тауып, 15-і түрлі жарақат алды. Өрттен келген шығын 70 млн. теңгеден асты.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).