Батыс Қазақстанда өрт жағдайлары 38 пайызға өсті

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда тұрғын үй түк қалмай өртеніп кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 3 сәуірге қараған түні қала орталығындағы Абай даңғылы 208а-мекенжайында болды.

«Сағат 00.00-де «101» пультіне адам тұрмайтын жеке тұрғын үйдің өртеніп жатқаны жөнінде хабар түскен. Өрт сөндірушілер келіп жеткенде, 60 шаршы метр аумақта тұрғын үйдің отқа оранғаны анықталды. Зардап шеккендер жоқ. «Тілсіз жауды» ауыздықтауға жеке құрамнан 10 адам 3 техникамен жұмылдырылды. Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі, келтірілген залал көлемі, кінәлі адамдар анықталу үстінде. Биыл өңірде өрт саны 38 пайызға (2023 жылы – 126, 2022 жылы – 91) көбейіп отыр. Соның 82-сі (2022 жылы – 53) тұрғын үйде болған, бұл – облыстағы жалпы өрт санының 65 пайызы», деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда тұрғын үйдің өртеніп кеткенін жазған болатынбыз.