ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында өртенген екі үйден үш газ баллоны шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға бүгін сағат 10.17-де Бәйтерек ауданы «Березка» саяжай қоғамдастығында болды.
Әуелі 64 жастағы ер адамға тиесілі вагон мен тұрғын үй отқа оранды. 50 шаршы метрді шарпыған өрт бұдан кейін көрші тұрған, аумағы 100 шаршы метр үйге (иесі 1945 жылғы ер адам) ауысқан. Бұдан өрт сөндірушілер 2 газ баллонын алып шықты.
Жалпы аумағы 150 шаршы метрге жайылған өрт сағат 12.28-де сөндірілді.
Оқыс оқиғадан ешкім зардап шекпеді. Қазіргі кезде өрттің шығу себебі, келтірілген шығын, кінәлі адамдар анықталып жатыр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда газ ауа қоспасы жарылып, ер адам күйік жарақатын алғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).