ОРАЛ. ҚазАқпарат - Қазталов ауданы Талдыапан ауылдық округінде биылғы 30 шілдеде ірі дала өрті болып, Қособа елді мекені тұрғындарының 598 бас ұсақ малыөртеніп кеткен еді. Осы малға өтемақы төленді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Төтенше жағдайға байланысты комиссия құрылып, шығынды есептегеннен кейін 13 отбасына 250 бас малының өтемі ретінде облыс әкімдігінің резерві қорынан 5,3 млн теңге аударылып, қаражат тұрғындар қолына тиді.
Мұның алдында аудандағы шаруа қожалықтарының басшылары, кәсіпкерлер мен тұрғындардың демеушілігімен 360 бас қой-ешкі жиналып, 16 отбасыға жеткізілген болатын. Оған қоса «Мектепке жол» шарасы аясында Қособа ауылындағы мектеп оқушыларына 400 мың теңгеге киім-кешек алынып берілді.
Еске сала кетейік, аталмыш өрт салдарынан қой бағып жүрген 1990 жылғы тұрғын көз жұмған болатын. Содан кейін 23-26 тамыз аралығында Шыңғырлау ауданында болған өрт кезінде Қарағаш ауылдық округінің 1993 жылғы тұрғыны қаза тапқан еді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).