Батыс Қазақстанда өрттен ер адам қаза тапты

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында бір күнде екі өрт болып, соның бірінде ер адам көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық ТЖД баспасөз қызметінен алынған мәліметке қарағанда, 24 қаңтар күні сағат 09.05-те Бәйтерек ауданы Макаров ауылдық округі Зеленый ауылында 4 пәтерлік үйде өрт болып жатқаны жөнінде хабар түскен.

Тілсіз жауды ауыздықтауға 4 техника мен 10 адам жұмылдырылды. 20 шаршы метрді шарпыған өрт 09.55-те ауыздықталды. Оқиға орнынан 1967 жылғы ер адамның денесі табылды.

Сол күні сағат 15.10-да Бөрлі ауданы орталығы Ақсай қаласына қарасты Қызылтал шағынауданында Ақсуат көшесінде тұрғын үйді жалын шарпыды. Аумағы 12 шаршы метрге жайылған өрт 2 техника, 7 адамның күшімен 15.37-де сөндірілді.

Денесін күйік шалған 1958 жылғы азамат ауруханаға жатқызылды.

Екі оқиға бойынша да өрттің шығу себебі, кінәлілер, келтірілген шығын анықталуда.