Осыған орай бүгін кәсіпорында болған облыс әкімі Алтай Көлгінов аталмыш зауытқа мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетілгенін атап өтті. Көп қаражат құйылып, жаңадан технологиялар әкелінді. Соның нәтижесінде жаңа жұмыс орындарын ашып, өңір қажетін өтеумен бірге шетелге өнім шығаруға мүмкіндік туып отыр. Екіншіден, бұл шаруа қожалықтарына да тиімді. Олар өсірген майлы дақылдарын осында өткізеді.
Пойма ауылындағы күнбағыс майын өндіретін зауыт бастапқыда 2009 жылы ашылғанымен, бұрынғы иелері оның жұмысын алып кете алмады. 2014 жылы жаңа инвестор тартылып, тұралап қалған кәсіпорын қарызын өтеумен бірге өндірісті техникалық жағынан жаңғыртуды қолға алды.
Инвестор «Белес-Агро» компаниялар тобының жетекшісі Мұрат Жәкібаевтың айтуынша, жаңғырту жұмыстарына барлығы 2,3 млрд теңге кетті. Мұнда орнатылған еуропалық құрал-жабдықтар мен заманауи технология өндіріс көлемін екі еседей арттыруға мүмкіндік береді. Мысалы, бұрын жылына 20 мың тонна шикізат өңделсе, қазір 45 мың тоннаға жетеді. Бұрын майлы дақылдардан 30 пайыз май алынса, енді жаңа желі арқылы 43 пайызға дейін алуға болады. Былайша айтқанда, бұрын тәулігіне 70 тонна шикізат өңделіп, 20 тонна май алынса, қазір бұл көрсеткіштер сәйкесінше 144 тонна және 50 тоннаға жетіп отыр. Жаңадан бу қазандығы орнатылып, шикізат дайындайтын, дәнді сығымдап, тазартатын, экстракциялайтын цехтар іске қосылды. Дәнінен ажыратылған күнбағыс қабығы жағылып, одан бу өндіріледі. Алдағы уақытта бу қазандығын жылыжай шаруашылығы мен мал азығын дайындауға да пайдалануға болады.
Күні бүгін зауытта 100-ден астам адам тұрақты еңбек етеді.
Мұнда өсімдік майының «Белес» күнбағыс майы деп аталатын екі түрі, яғни тазартылған, иіссіздендірілген, мұздатылған, оған қоса рафинадталмаған түрлері өндіріледі. Зауыт өнімдері Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау облыстарында сатылуда. Жақында «Белес» майының 50 тоннасы Өзбекстанға жөнелтілді. Ең бастысы, өнім халықаралық талаптарға сай келеді.
Алдағы уақытта кәсіпорын аясын одан әрі кеңейтіп, маргарин мен май, құрамажем, ауыз су өндіру көзделуде. Жылыжай кешені де салынбақшы.