ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында коронавирусқа шалдыққан 421 адам инфекциялық стационарда жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО денсаулық сақтау басқармасы мәлім еткеніндей, соның ішінде 136-сы облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында, 232-сі қалалық көпбейінді ауруханада емделуде.
Ауыр халдегі науқастар саны – 57. Соның ішінде 16 адам жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Пневмониямен ауырғандар саны 273-ке жетті.
БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінен түскен мәліметке қарағанда, өңірде барлығы коронавирус жұқтырған 1267 адам анықталса, соның 835-і жазылып шықты.
Кеше облыста 46 адамның сырқаттанғаны белгілі болды (өсім – 3,8 пайыз). Мұның сыртында клиникалық ауру белгілері жоқ 60 адам тіркелді.
Қазіргі таңда сондай-ақ 29 адам карантиндік, 130 адам провизорлық стационарда жатса, 719 адам үйлерінде оқшауланған.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда санитарлық талаптарды бұзған тағы 10 нысанның жабылғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).