ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында 5 маусымда өтетін республикалық референдумға орай 443 833 сайлаушы тіркелген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО сайлау комиссиясының төрағасы Ғайса Қапақовтың мәлім еткеніндей, өңірде 505 сайлау учаскесі бар.
Оның сөзіне қарағанда, сайлау комиссияларында 3259 мүше болса, соның 98-і – аумақтық, 3161-і – учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері. Комиссия мүшелерінің 80 пайыздан астамы – бұрыннан сайлау науқанына қатысып жүрген тәжірибелі адамдар.
«Қазіргі кезде сайлау комиссияларының мүшелері тестілеуден өтіп, оқытылып жатыр. Осындай іс-шара БАҚ және басқа әлеуметтік топтар, қоғам өкілдері үшін де ұйымдастырылады. Облыста еліміздегі аса маңызды науқанды өткізуге 738 млн 767 мың теңге бөлінсе, соның 597 млн теңгесі сайлау комиссияларының мүшелеріне еңбекақы есебінде төленеді», деді Ғ.Қапақов.
Оның айтуынша, референдум барысын бақылауға 2500-дей байқаушы қатыспақшы. Соның ішінде алыс және жақын шетелден байқаушылар келеді деп жоспарлануда. Әр сайлау учаскесінде кем дегенде үш байқаушы болмақшы.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).