ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында республикалық жолда қозғалысқа шектеу қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«ҚазАвтоЖол» ЖШС мәліметі бойынша ауа райының нашарлауына байланысты республикалық маңызы бар Орал- Саратов жолы (72-104 км, Тасқала ауылынан РФ шекарасына дейін) жабылды.
Қатты боранға орай осы жол бөлігінде барлық көлік түрлері үшін қозғалыс шектелді.
Осыған байланысты БҚО ТЖ департаменті ескерту жариялап, тұрғындарға хабарлама жолдады.
Бұдан бұрын 18 қаңтарда облыстың батысында, солтүстік- батысында көктайғақ болып, желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге дейін жетуі мүмкін екендігі ескертілген болатын.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да боранға байланысты республикалық жол жабылғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).