Батыс Қазақстанда «Рухани жаңғыру» бағдарламасына орай жаңа жобалар қолға алынуда

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бағытында Батыс Қазақстан облысында жаңа жобалар қолға алынуда, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Осыған орай БҚО әкімдігі ғимаратында жергілікті атқарушы органдармен жұмысты үйлестіру және «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жобаларын ілгерілету мақсатында өңірлік жоба кеңсесі іске кірісті. Кеңсе жетекшісі - облыстық мәслихаттың ең жас депутаты Салтанат Тұманбаева. Сондай-ақ облыста аталмыш бағдарламаны жүзеге асыру бойынша сарапшылар кеңесі құрылып, аудандарда жұмыс тобы жасақталмақ.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жаңа, тың жобалар жасақтау - басты міндет. Мемлекет басшысының қойған мақсат-міндеті де осындай: «Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс - біздің дамуымыздың ең басты қағидасы. Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарихтың шаңына көміліп қала береді» деген болатын Елбасы өз мақаласында.

Өңірде «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Сафуллиннің жетекшілігімен бірнеше жылдар бойы эпиграфикалық ескерткіштерді зерттеп жүрген «Құлпытас сырын ашайық», Батыс Қазақстанның тарихи, киелі орындары жөнінде бейнероликтер түсіріп жүрген «Дешті Қыпшақ даласы», Ресей мұрағаттарындағы тарихи деректерді жинақтау  жобалары осы бағдарламаның аясына дөп келеді.  Алаштың 100 жылдығымен қатар келген облыстық «Орал өңірі» мен «Приуралье» газеттеріне 100 жыл толуына орай «Жайық Пресс» ЖШС-да біраз іс тындырылды. «Орал өңірі» газетінің бастауында тұрған «Қазақстан», «Ұран», «Известия-Хабар», «Киргизская правда» - «Қазақ дұрыстығы», «Дұрыстық жолы», «Ұшқын» (республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің ізашары) газеттері жинақталып, жеке кітап болып жарық көрді. Соңғы бес жыл ішінде облыстың баспасөз тарихы туралы он кітап жарық көрді. Оған қоса газеттердің 100 жылдық тігіндісі баспасөздің қара шаңырағына жинақталып, электрондық нұсқалары жасалды.

Ж.Сафуллиннің сөзіне қарағанда, «Рухани жаңғыру» бағдарламасына байланысты шаралар бұдан былай да жалғасады. Мысалы, баспасөз тарихына қатысты көрнекті тұлғалардың көне суреттері жинақталуда. Сондай-ақ Башқұртстан мұрағаттарында ХІХ ғасырда қазақ мешіттерінде толтырылған метрикелер сақталған. Бұл құжаттар сол кезеңге тарихи сараптама жасауға негіз болды. Әрине, тарихи ескерткіштердегі, мұрағаттардағы мәліметтерді жинау оңай шаруа емес. Оған мамандар тартылуы қажет. Осы басталған ғылыми жұмыстарды жалғастыру үшін «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» бағытына алты бірдей жоба ұсынылды.

Батыс Қазақстан облысының ішкі саясат басқармасы «Туған жер» кіші бағдарламасы аясында облыстағы 12 ауданға пресс-турлар ұйымдастырмақ. Әрбір ауданның көрікті және киелі жерлері, өңірдің дамуына үлес қосқан азаматтар туралы БАҚ-қа материалдар шығару көзделуде. Сондай-ақ, «Жылдың үздік меценаты», «Жылдың үздік волонтері», «Жылдың үздік ҮЕҰ», «Жомарт жүрек» атты шаралар мен «Қоғамдық пікірталас клубының» отырыстары, «Әлеуметтік маңызды жобалар мен идеялардың жәрмеңкесі» және өлкетану бойынша онлайн оқытулар өткізілмек.

Шекаралық ынтымақтастықты нығайту мақсатында көршілес Ресей облыстарының этномәдени орталықтарының қатысуымен «Достықта шекара жоқ» фестивалі жоспарланды.