ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында 29 қазан күні сегіз сайлау округі бойынша шығып қалғандардың орнына жаңадан мәслихат депутаттары сайланбақ. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында БҚО сайлау комиссиясының төрағасы Ғайса Қапақов мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Оның айтуынша, Батыс Қазақстан облыстық мәслихатына (№16 Жаңа Орда сайлау округі бойынша), Бөрлі аудандық мәслихатына (№11 Березов сайлау округі бойынша), Жәнібек аудандық мәслихатына (№12 Талов сайлау округі бойынша), Қазталов аудандық мәслихатына (№4 Тереңкөл және №12 Көктерек сайлау округі бойынша), Теректі аудандық мәслихатына (№2 Ақсуат және №5 Подстепное сайлау округі бойынша) және Орал қалалық мәслихатына (№11 қалалық сайлау округі бойынша) депутаттар сайланбақшы.
-Қазіргі таңда бос тұрған орындарға 26 кандидат ұсынылды. Оның 18-і өзін-өзі ұсынса, 8-і саяси партия («Нұр Отан») арқылы өтуде көздеуде. Үміткерлердің 19-ы - ерлер, жетеуі - әйелдер, 24-і - қазақ, екеуі орыс ұлтынан. 1 үміткер өз өтініші бойынша кандидатурасын алып тастады. Сайлау өткізілетін 8 сайлау округінің құрамына 36 сайлау учаскесі кіреді. Бүгінгі таңда күнтізбелік жоспарға сай жергілікті атқарушы органдар сайлаушылар тізімін нақтылау жұмыстарын атқаруда. Сайлауға дайындық жұмыстары қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес жүргізілуде, - деді Ғ.Қапақов.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).