Батыс Қазақстанда шетелдік балалар да демалуда
Сонымен қатар 100 жеткіншек демалатын ауысымға облыс оқушыларынан өзге Коми Республикасы балалар бірлестігі және Алматы қаласының «Азамат» қоғамдық бірлестігі мүшелері шақырылған.
Облыстық білім басқармасының бөлім бастығы Луара Батырғалиеваның айтуынша, бұл ауысым «Өркен» орталығының бастамасымен үшінші жыл қатарынан өткізілуде. Облыста балалар ұйымдарының қозғалыстары жақсы дамуда. Былтыр Елбасы тапсырмасымен «Жас ұлан» республикалық балалар ұйымы құрылды. Биыл бұл ауысымға өңірдің түкпір-түкпірінен «Жас ұлан», «Жас өркен» ұйымдарының мүшелері, «Достық көпірі» жобасымен шет елдерден оқушылар қатысуда.
Бұл ауысымның ерекшелігі - балалар лагерьдегі өз уақыттарын өздері жоспарлайды екен. Яғни таңнан кешке дейінгі бағдарламаларын мұғалімдердің араласуынсыз құрады. Бағдарламаның ішінде әртүрлі ойындар, тренингтер, сайыстар енгізілмек. Ұстаздары тек сырттай ғана бақылайды.
-Тамыз айының соңында Америкадан, Қытайдан жас волонтерлер келмек. Біздің оқушылардың да олардан үйренері көп деп ойлаймыз, - дейді «Өркен» қосымша білім беру орталығы директорының орынбасары Ақмарал Бақытжанова.
-Бірнеше жылдан бері екі ел балалары арасындағы қатынас нығаюда. Олар тек достар тауып қана қоймайды, қарым-қатынас барысында жеке бас қасиеттерін дамытады. Менің шәкірттерімнің әрқайсысы балалардың көшбасшылық қасиеттерін дамытуға арналған бір-бір жоба алып келді, - дейді Коми елінен келген жеткіншектердің жетекшісі Ольга Архипова. «Бізге Қазақ елі қатты ұнады. Қазақтар бауырмал халық екен. Біршама достар таптым. Өз қатарластарымызбен білім алмасып жатырмыз, - деді комилық оқушы Леонид Калмыков. Ал алматылық Хантемір Оразбеков бұл ауысымда әр бала өз қырларын, өнерін көрсетуге тырысатынын, көшбасшылық қасиет болашақ өмірінде қажет деп санайтынын жеткізді.