ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында сіріңкемен ойнап жүрген 7 жасар қыз күйіп қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО төтенше жағдай департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 8 тамыз күні сағат 13.00-де Теректі ауданы Долинный ауылында болған.
«Жеке үйдің ауласында сіріңкемен ойнап жүрген кезде 2015 жылғы қыздың киімдері жанып кетті. Оқиға салдарынан 2-3-дәрежелі термиялық күйік алған қыз Оралдағы қалалық көпбейінді ауруханаға жатқызылды. БҚО ТЖ департаменті отпен абай болу қажеттігін, әсіресе, балаларды қараусыз қалдырмау керектігін тұрғындардың есіне салады», - деп хабарлады ведомстводан.
БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың нақтылауынша, қыздың денесін 22 пайыз күйік шалған. Жағдайы ауыр, жансақтау бөлімінде жатыр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал механикалық зауытында өрт шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).