ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында соңғы аптада коронавирус жұқтырғандар саны 74 пайызға өсті. Бұл туралы БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылаудепартаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оның айтуынша, 28 желтоқсан – 3 қаңтар аралығында облыста 43 науқас тіркелсе, 4-10 қаңтарда 168-ге жетті.
«Індет табылғандардың 74 пайызы Орал қаласының үлесіне тиеді. Сондай-ақ Бәйтерек, Бөрлі аудандары тұрғындары арасында коронавирус көбірек анықталып отыр. Облыс қазір «сары» аймақта тұр. Егер аурушаңдық деңгейі өсетін болса, еліміздің бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес шектеу шараларын күшейтуге тура келеді», деді М.Арыспаев.
Департамент басшысы өңірде вакцина қоры жеткілікті екендігін, індеттен құтылудың жалғыз жолы тұрғындардың уақтылы екпе алып, санитарлық талаптарды бұлжытпай
сақтауы керектігін атап өтті.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 60-қа жуық науқастың стационарларда емделіп жатырғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).