ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында соңғы аптада алдыңғымен салыстырғанда, коронавирус жұқтыру көрсеткіші 7,3 пайызға төмендеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы мәлім еткеніндей, пандемия басталғаннан бері барлығы 36 887 адамнан індет табылды.
Соның 27 666-сы биылғы жылдың үлесіне тиеді. Мұның 19 129-ы - ауру белгісі бар науқастар.
Қазіргі кезде облыс бойынша 1094 адам үйлерінде амбулаториялық ем алуда.
Стационарларда 356 науқас жатса, 136-сы Орал қаласындағы модульдік, 106-сы облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында, 64-і облыстық көпбейінді ауруханада ем қабылдауда. Қалғандары аудандық ауруханаларда.
Басқарма мәліметіне қарағанда, жыл басынан бері балалардың коронавирус жұқтыруы көбейгені байқалады. Биыл 2485 бала тіркеліп, соның 2367-сі сауығып шықты. 118-і әлі емделуде.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда егілуге тиісті тұрғындардың 60 пайыздан астамы вакцина алғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).