ОРАЛ. Мамырдың 24-і. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстан облысындағы білім ордалары оқу жылын қорытындылап, соңғы қоңырау салтанаттарын өткізуде,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Мамырдың 24-інде Орал қаласындағы мемлекет және қоғам қайраткері, облысты он жылдан астам уақыт бойы басқарған М.Ықсанов атындағы №36 орта мектепте осындай салтанатты жиын өткізілді. Мектеп директоры Нұржиян Елеуованың сөзіне қарағанда, мектептегі 717 оқушының 401-і - озаттар мен екпінділер. Түрлі байқау-жарыста жүлде алып жүргендер де баршылық.
Мектепке М.Ықсанов атындағы қордың төрағасы Асқар Атаев арнайы келіп, үздік ұстаздар мен шәкірттерге алғысхаттар мен сыйлықтар тапсырды.
Батыс Қазақстанда 428 мектеп болса, соны биыл 6027 түлек бітіріп шықпақ. Соның 172-сі «Алтын белгіден», 102-сі ерекше аттестаттан үміткер.
Биыл ҰБТ-ға 5090 шәкірт қатыспақ.
Соңғы қоңырау салтанаттарының дені мамырдың 25-інде өткізіледі.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).