Батыс Қазақстанда су шайып кеткен облыстық жол жабылды

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында су шайып кеткен облыстық жол жабылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚазАқпарат бұдан бұрын жазғанындай, 24 наурыз күні Бөкей ордасы ауданы Бисен ауылынан 18 шақырым жерде еріген қар суы жолды басып қалған болатын.

БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, облыстық маңызы бар Чапаев-Жаңақала-Сайқын жолының 192-шақырымында қар суы жолдың екінші бетіне шығып кеткен. Судың беті қайтпағандықтан, аталған жол учаскесі жабылды.

Автокөліктер Бисен ауылдық округіндегі айналма жол арқылы құмның ішімен жүріп, Бөрлі ауылына немесе Жаңақала ауданына қарай шығуда.

Жалпы, соңғы күндері жаңбыр жауғандықтан, жол езіліп кеткен.

Оқиға орнында жергілікті атқарушы органдар мен полиция бөлімі тарапынан кезекшілік ұйымдастырылды.