Батыс Қазақстанда суармалы жер алқабын 50 мың гектарға жеткізу көзделуде

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында 2025 жылға дейін суармалы жер алқабын 50 мың гектарға жеткізу көзделуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фото: eghtesadonline.com

БҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Наурызбай Қарағойшиннің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, соңғы жылдары жауын-шашын аз түсіп, судың тапшылығы салдарынан өңірде қуаңшылық орын алып келеді.

Оның айтуынша, сол себептен өсімдік шаруашылығында суармалы жер алқабын ұлғайту өзекті мәселенің бірі болып отыр. Сонымен қатар суармалы жерлерде мал азықтық дақылдар өсіру де қажет.

Осы мақсатта 2023 жылы – 3,9 мың, 2024 жылы – 13,7 мың, 2025 жылы 25,1 мың гектар суармалы жер алқабын іске қосу жоспарланып отыр

Өткен жылы облыс бойынша 7 333 га жер тұрақты суарылды, бұл 2021 жылғыдан (6 623 га) 710 гектарға артық.

Басқарма басшысының міндетін атқарушының сөзіне қарағанда, кейінгі жылдары сала кәсіпкерлерінің заманауи суару қондырғыларын пайдалануға қызығушылығы артып келеді. Атап айтқанда, соңғы жеті жылда (2015-2022) облыс шаруашылықтары 4,8 млрд теңгеге 87 жаңбырлатқыш машина сатып алып, оны өндірісте қолдануда. Мемлекеттік қолдау шаралары аясында 2021 жылға дейін 579 млн теңге демеуқаржы берілсе, тек өткен жылдың өзінде 389 млн теңге төленді. Инвестициялық салымдар аясында жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелерін енгізген жағдайда инвестициялық салымдарды өтеу үлесі 50 пайызды құрайды. Сонымен қатар суармалы жерлерде ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру үшін сатып алынған тұқымдар мен қолданылған тыңайтқыштардың, пестицидтердің құнының 50 пайызы бюджет есебінен субсидияланады. 2022 жылы шаруашылықтар 751,4 млн. теңгеге субсидияланды. Осы бағдарламаларға тиісті қаражаттар жылма-жыл қарастырылып келеді. Бұдан бөлек осы бағыттағы жобаларды «ҚазАгроҚаржы» АҚ мен «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ және оның несие серіктестіктері қаржыландырады. 2022 жылы облыс шаруалары 15 жаңбырлату машинасын сатып алды.

«Осылайша, суармалы жерлерді ұлғайту арқылы дақылдардың өнімділігін арттыру, кепілді өнім жинау, су үнемдеу технологияларын кеңінен пайдалануға қол жетпекші. Оған қоса осы жер ресурстарын белсенді игеру кезінде көптеген жұмыс орындары ашылады. Бұл тұрғындарды жұмыспен көптеп қамтуға септеседі», деді Н.Қарағойшин.