ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында суға кеткендердің тең жартысынан астамы балалар болып отыр. Бұл туралы брифингте БҚО Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Ақылбек Ахметжанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оның айтуынша, биыл суға түсуге тыйым салынған жерлерде 10 адам батып кетсе, соның алтауы – балалар.
Екі адам құтқарылды.
Суға кеткендердің бесеуі – ата-анасының қарауынсыз қалған балалар. Үш адам мас күйінде шомылған. Бір адам балық аулау кезінде көз жұмса, тағы біреуі абайсызда батып кеткен.
Өңірде күннің күрт ысуына байланысты адамдар жаппай суға түсіп, 4-8 шілде аралығында 6 адам ажал құшқан. Соның төртеуі – балалар.
Соңғы оқиға 8 шілде күні Теректі ауданы Подстепный ауылында тіркелді. Сағат 08.51-де құтқарушылар Жайық өзеніне батып кеткен 1989 жылғы тұрғынның денесін алып шықты. Марқұм 7 шілде күні достарымен бірге болып, спирттік ішімдік ішкен. Сағат 22.00-де белгісіз жағдайда суға батып кеткен.
Өткен жылдың осы кезеңінде 15 адам суға кетсе, соның екеуі балалар еді.
«Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындардан суда қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды өтінеді», деді А.Ахметжанов.
Бұған дейін Оралда 11 жасар қыз баланың суға кеткенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).