Батыс Қазақстанда тағы бір балабақша ашылды
- Елбасымыз Н.Назарбаев қашанда әлеуметтік салаға айрықша көңіл бөліп, басты назарында ұстап отырады. Сондықтан біз оның нұсқауларын үнемі басшылыққа алып, жүзеге асырамыз. Мәселен, Қарашығанақтық инвесторлардың қаржы құюымен өңірімізде төрт мектеп салынса, соның бірі - Теректі ауданы Көнеккеткендегі орта білім оқу орны. Республикалық бюджет есебінен де екі мектеп салынды. Сөз жоқ, еліміздегі, соның ішінде осы ауылдағы бала өсімі де бізді қуантады. Бүгінде 4-5 баласы бар жанұя көпбалалы отбасы болып саналады. Баланың көбеюі - ұлттың өсуі, оның жарқын келешегі. Сондықтан Ақжайық ауылында балабақшаның ашылуын Елбасымыздың тікелей тапсырмасын нақты жүзеге асыру деп түсінуіміз керек, - деді облыс басшысы тұсаукесер рәсімдегі құттықтау сөзінде.
Сонан кейін облыс әкімі балабақша ұжымына өз атынан түрлі-түсті теледидар табыс етті. Ал бүлдіршіндер болса, жиналғандарға өз өнерлерін арнады. Ата-аналар атынан сөйлеген ауыл тұрғыны, зейнеткер Сәлима Байтенова облыс басшысына шын жүректен алғыс айтты. Нұрлан Асқарұлы балабақша ішіне еніп, жатын, ойын және басқа бөлмелерді көрді. Бүлдіршіндермен тілдесіп, оларға: - Азат елдің ұлдары еркін өссін! - деген игі тілегін арнады.