ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында тағы бір республикалық жол жабылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазавтожол» ЖШС БҚО филиалының мәліметіне қарағанда, жергілікті сағат 16.45-тен бастап ауа райының нашарлауына байланысты (қатты боран, көру шегі 50 метрге дейін) республикалық маңызы бар Самара-Шымкент (195-246 км, Орал қаласынан РФ шекарасына дейін) күре жолында барлық көлік түрлері үшін қозғалыс шектелді.
Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметі хабарлап, өңірде ескерту жарияланғанын жеткізді.
«3 наурыз күні өңірдің кей жерлерінде тұман түсіп, көктайғақ болады. Оған қоса оңтүстік-батыстан соғатын желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге дейін жетуі ықтимал», деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да республикалық жол жабылғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).