Батыс Қазақстанда тағы бір жас жігіт суға кетті

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында тағы бір жас жігіт суға кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 8 шілде күні Бәйтерек ауданы Жайық ауылында болды.

«Сағат 19.50-де «Орыс моншалары» кешені ауданында құтқарушылар «Карьер» жасанды су қоймасынан 28 жастағы тұрғынның денесін алып шықты. Алдын ала мәлімет бойынша марқұм мас күйінде шомылуға тыйым салынған жерден түсіп, сағат 18.45-те батып кеткен. Қазіргі кезде оқиғаның жай-жапсары анықталып жатыр. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. БҚО ТЖ департаменті тұрғындарға судағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау керектігін еске салады», деп хабарлады.

Бұл – соңғы күндері Бәйтерек ауданында болған екінші оқиға. Осыған дейін 5 шілде күні Асан ауылында 21 жастағы жігіт «тілсіз жаудың» құрбаны болды.

БҚО ТЖ департаменті 9 шілдеде күннің 42 градусқа дейін ыситыны жөнінде ескерту жариялады. Өңірде өрт қаупі де күшейіп тұр.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 21 жастағы жігіттің Шағанға батып кеткенін жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Батыс Қазақстанда жол апатынан тағы екі адам мерт болды.