Батыс Қазақстанда тағы да боран соқпақ
18:48, 17 Наурыз 2016
ОРАЛ. ҚазАқпарат - «Қазгидромет» РМК-ның мәліметі бойынша 18-19 наурыз күндері Батыс Қазақстан облысының кей жерлерінде боран соғып, көктайғақ болады.
Облыстық ТЖД-ның баспасөз қызметінен хабарлағанындай, оңтүстік-батыстан солтүстік-батысқа ауысып соғатын желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге жетпек.
Орал қаласында да осы күндері бұрқасын көтеріліп, көктайғақ орын алмақ. Желдің екпіні секундына 18 метрге дейін бармақ. Осыған орай өңірде төтенше жағдайларды болдырмау бағытында шаралар алынуда.
Айта кетейік, 16 наурызға қараған түні облыста алай-түлей боран соғып, жолдарды бітеп тастаған болатын. Оған қоса Орал қаласының өзінде бірнеше шағынауданда электр жарығы өшіп қалып, күндіз ғана қалпына келтірілді.