ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында тасқын су ауыл шетіндегі өткелді шайып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қаратөбе ауданының әкімі Қадыржан Сүйеуғалиевтің мәлім еткеніндей, оқиға 30 наурыз күні Қаракөл ауылдық округі Ақтайсай ауылында болды.
Әкімнің айтуынша, ауа райы күрт жылынып, қардың еруі салдарынан Таян өзені арнасындағы су көтерілген. Таян өз арнасының бағытымен Қуағашқа, ал Қуағаш Жақсыбай өзеніне құяды.
«Тасыған су екпіні сағат 17.20-да Ақтайсай ауылының кіреберісіндегі Жақсыбай өзенінен өтетін өткелді (60 метр) толығымен бұзып, шайып өтті. Тасқыннан елді мекенге қауіп жоқ», деді ҚазАқпарат тілшісіне Қ.Сүйеуғалиев.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда ауыл мектебіне су кіргенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).