Батыс Қазақстанда Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай нақты іс-шаралар ұйымдастырылатын болады

None
ОРАЛ. 14 қаңтар. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай нақты іс-шаралар ұйымдастырылатын болады.

Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлейменнің төрағалық етуімен облыстық ішкі саясат басқармасында 14 қаңтарда өткізілген кеңесте айтылды.

Жиында атап өтілгеніндей, Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай облыс әкімі ауқымды іс-шаралар жоспарын бекіткен. Енді осы шаралардың тиімділігін, ауқымдылығын қамтамасыз ету үшін тыңғылықты әзірлік жүргізу қажет. Бұл туралы облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы Тілекқабыл Имашев толыққанды баяндап, нақты жоспарларды атап өтті.

Қаралған тағы бір мәселе мемлекеттік тапсырыспен қызмет істейтін түрлі деңгейдегі бұқаралық ақпарат құралдары жайында болды. Осы басылымдардың меншік иелерінің құқықтық мәртебесі сө болып, жиналғандар өз ой-пікірлерімен бөлісті.

Өткен жылы көршілес Ақтөбе облысында жүзеге асырылған «Ауылдың гүлденуі - Қазақстанның гүлденуі» атты республикалық деңгейде өткізілген бастаманы биыл ақжайықтықтар жалғастыруды қолға алып отыр. Осы бағытта да көп жұмыс атқарылмақшы. Бұл бастаманың үйлестірушісі - облыстық білім басқармасы.

Осы және күн тәртібіндегі басқа да мәселелерге қатысты облыстық діни істері жөніндегі департамент бастығы Талғат Нығметов, «Жайық Пресс» ЖШС-нің бас директоры Жантас Сафуллин, облыстық білім басқармасының бастығы Марат Тоғжанов сөз алды.

Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығын лайықты қарсы алуға қатысты өз ойларымен бөлісіп, сөз алғандардың пікірлері ескерілді.