ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында төрт елікті өлтірген тұрғын ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оқиға Бәйтерек ауданы Кирсанов қорығында болды.
Январцев жануарлар дүниесі және орман қорғау жөніндегі мемлекеттік коммуналдық мекемесінің директоры Талғат Ілиясовтың айтуынша, өздеріне бекітілген аумақты аралау кезінде қорықшылар тұзақ пен екі еліктің ұшасын тауып, аяқкиім ізін байқаған.
Сол бойда бұл оқиға жөнінде полиция мен орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясына хабарланды.
Қылмыстың ізі суымай Красноармейское ауылының 1986 жылғы тұрғыны ұсталды. Оның мекенжайынан бөлшектелген тағы екі еліктің ұшасы, заңсыз аулауға арналған құралдар табылды.
Қазіргі кезде ҚР ҚК 337-бабына (заңсыз аңшылық) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда ауыр қылмыс жасап, қашып жүрген өзбекстандық азаматтың ұсталғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).