ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында соңғы төрт күнде 257 адамнан коронавирус табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мәлім еткеніндей, соның 203-інде ауру белгілері бар болып шықты. Тек 54-і – симптомы жоқтар.
Науқастардың 174-і ЖРВИ белгілері бойынша тексерілген. 62-сі бұрын ауырғандардан жұқтырса, 16-сы профилактикалық мақсатта қаралған. Бесеуінен стационарға жатқызар алдында сынама алынған.
Дертке шалдыққандардың 126-сы Орал қаласы, 43-і Бәйтерек, 39-ы Бөрлі ауданының үлесіне тиеді.
Департамент мәліметіне қарағанда, індет басталғалы өңірде 23800 науқас тіркеліп, соның 18909-ы жазылып шықты. 357-сі көз жұмды.
Барлық ауырғандардың 13285-і Орал қаласында, 2918-і Бәйтерек, 2641-і Бөрлі ауданында тіркелген.
Соңғы тәулікте облыста 84 адамнан коронавирус анықталса, 83 науқас емделіп шықты.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда коронавируспен ауруханаға жатқандар саны 450-ден асқанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).