ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында төрт жасар бала автошампунь ішіп қойған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, оқиға 19 тамыз күні кешкісін Бәйтерек ауданында орын алды.
Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері сағат 23.00 шамасында жол бойында қатты жылдамдықпен келе жатқан «ГазЕЛЬ» автокөлігін тоқтатқан. Жүргізуші 2016 жылғы ұлының автошампунь ішіп қойып, облыстық балалар ауруханасына жедел әкеле жатқанын айтқан.
Полиция қызметкерлері автокөліктің ауруханаға тез жетуі үшін «дәліз» ашып, жағдай жасаған.
«Балаға ауруханада медициналық көмек көрсетіліп, үйіне жіберілді. Бәйтерек ауданы Макаров ауылында тұратын баланың жағдайы қазір жақсы», деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Еске сала кетейік, БҚО-да жоғалған оқушының табылғанын, ауыл тұрғынының 172 дана киік мүйізін қораға көміп тастағанын жазған болатынбыз.
.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).