БҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 12 қыркүйек күні Бөрлі ауданы орталығы Ақсай қаласында болды.
«Шамамен кешкі сағат 19.00-де аулада ойнап жүрген баланы ит қауып, денесінің бірнеше жерінен жарақат келтірген. Аудандық ауруханаға ата-анасы жеткізген балаға хирург дәрігер шұғыл көмек көрсетіп, антирабиялық вакцина жасалды. Содан кейін жедел Орал қаласындағы облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жеткізілді. Күрделі ота жасалған бала ем алуды жалғастыруда», - деп хабарлады ведомстводан.
Облыстық көпбейінді балалар ауруханасы хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Әліби Төлегеновтің айтуынша, бала екі аталық безі сыртқа шығарылған жарақатын алған. Сондай-ақ, ит оның санынан тістеген. Баланың жағдайы орташа ауыр, қалыпты.
БҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің нақтылауынша, аталған дерек бойынша 13 қыркүйек күні ит иесі ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 407-2-бабы 1-бөлігіне (үй жануарларын ұстау ережесін бұзу) сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, иесі сенбернар тұқымдас итін дәрімен өлтіру туралы шағым түсірді.